Ағылшын тілін үйрету барысында қойылатын мақсаттарды іске асыру жолдары
«Білімді, сауатты адамдар – XX ғасырда
адамзат дамуының негізгі қозғаушы күші»
Н.Ә.Назарбаев.,
Әр сыныпта оқушылардың жас және дербесерекшкліктеріне сай мақсат-міндеттің орындалуы әр түрлі.Ағылшын тілін оқытуда бастапқы буында оқу үдерісі оңайдан қиынға қарай дамыта оқытуға бағытталған. Мәселен: сабақтың алдында берілген тақырып туралы «Оқушы не біледі?» деген мақсатпен «сұрақ-жауап» немесе «талқылау», «ой алмасу» сияқты тапсырмалар беріледі. Содан соң оқушының азды-көпті білетіні негізінде жаңа тілдік материалдар бойынша жұмыс жүргізіледі. Оқушылар лексикалық және грамматикалық тақырыптарға байланысты әр түрлі қиындықта берілген жаттығулар мен тапсырмаларды орындайды. Оқушылар сөйлеу мен оқуды меңгергеннен соң жазуды үйренеді. Осы кешендегі көптеген жаттығулар, ондағы мәселелердің шешімі – нағыз шындықпен тікелей байланысты. Берілген жаттығуларды орындап сөйлеу және оқу әрекеттері арқылы дұрыс нәтижеге жеткен оқушы өз ортасында ағылшынша еркін сөйлей алады. Оқушының тілді үйренуі жаңа сөздерді меңгеруіне, өзіне қоятын талабына, күнделікті дайындығына байланысты.Оқушының сөйлеу іскерлігін дамыту үшін сөйлеудің мынадай түрлері қолданылады: сұрақ – жауап талқысы, салыстыра отырып әңгімелесу, диалог түрінде сөйлеудегі ойды көрсете білу. Сұхбат туралы айту, сұраққа жауап беру, логикалық ой тұжырымын дамыта отырып сөйлеу, ой алмасу, ойындар арқылы сөйлеу.
а) Ағылшын тілі сабағында сөйлеу әрекеті монолог және диалог түрінде жүзеге асырылады. Түрлері де әр түрлі болады. Бастауыш буында оқытушы мен оқушы арасындағы диалог отбасы, ауа-райы, жануарлар туралы болса, жоғары сатыда белгілі бір тақырыпқа оқушылар ақпарат беруге тырысады.
ә) Жазуға үйретуде сөздік және грамматикалық материалдарды оқу барысында қалыптасқан орфографиялық дағдыларды бекітіп, одан әрі дамыту бағытында іске асырылады. Бұған орфографиялық ойындар (сөзжұмбақтар, сөз құрастыру,қалып кеткен сөзді немесе әріпті табу, сөздік диктант жазу) оқушыларға көп көмек береді.
б) Оқу үрдісінде ойын ойнау да аса маңызды. Рөлге бөліп ойнату олар үшін пайдалы, себебі өз білімін күнделікті өмірдегі нақты ситуацияларға қолдана білуге төселдіреді.Оқушы еркін де тез, ұтымды сөйлеуге үйренеді.Бірте – бірте ағылшын тілінде ойлау қабілеті арта түседі.
в) Мәдениеттілік тәрбие арттыру және шетел тілін жеңілдете үйрету мақсатында музыкамен ән айту немесе жай ғана өлең айту зор ықпалын тигізеді.Тілдік материалдарды тез қабылдауға, есте сақтауына және белсенділікті арттыруға өлең септігін тигізеді.
Сондай-ақ мәнерлеп өлең оқу, жаңылтпаш айту, мақал – мәтел, сөзжұмбақ шешу ағылшын тілін үйретуде оқушылардың қызығушылығын арттырады.Белгілі бір тәсіл болмаса, оқыту мен тәрбиелеу үрдісінде қажетті нәтижеге жету, оқушылардың танымдық іс –әрекетін дамыту мүмкін емес. Сондықтан да, шетел тілінде инновациялық технологияларды оқытудың мақсаттары да әр алуан. Мұғалім мен оқушы белгілі нәтижеге жету үшін жүйелі жұмыс атқарса ғана оқыту мен тәрбиелеу әдісінде инновациялық технологиялар өз нәтижесін береді.Деңгейлік тапсырмалар беру арқылы балалардың тілін дамытып, тілді меңгертуге мүмкіншілік жасайды.
Қазіргі таңда ағылшын тілін оқытудың бірнеше инновациялық технологиялары бар. Оқушылардың белсендлігін арттыруға бағытталған бұл технологияларды ағылшын тілі пәні сабақтарында қолдану өте ыңғайлы.Әрбір жаңа технология өзінің жаңа әдіс – тәсілдерімен ерекшеленеді. Міне, осындай тәсілдерді қолдана отырып, ағылшын тілін үйрену болашақ маманның жеке тұлға ретінде қалыптасуының алғышарттарын анықтауға мүмкіндік береді.